поддержка PHP 7

2017 жылғы 15 қыркүйекте Астанада «Жаңғыру 3.0: Рухани жаңғыру» деген тақырыптағы сарапшылық кездесулер сериясы шеңберінде ІІ-ші халықаралық ғылыми-практикалық конференция болды.

Конференция барысында «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы, сондай-ақ жалпы қоғамдық сананы жаңғыртудың шешуші мәселелері талқыланды.

Конференцияны Еуразиялық интеграция институты ұйымдастырды.

ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы, Жобаның жұмыс тобының жетекшісі – ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева жобаның іске асырылу барысы туралы ақпарат беріп, Мемлекет басшысының саясаты медениет инфрақұрылымының бұрын-соңды болмаған түрде дамуына алып келгенін атап өтті, соңғы он жылдықта музейлер, клубтар, кинотеатрлар саны 50%-дан астам, театрлар – 30%-ға, кітапханалар – 20%-ға көбейді; тәуелсіздік жылдары қол жеткізілген мәдени жетістіктерге алғаш рет толық түгендеу жүргізілді; заманауи отандық мәдениеттің алтын қоры бір жүйеге түсірілді.

А. Балаеваның айтуынша, осынау орасан зор мәдени жетістіктер қабаты бүкіл әлемге танытуға әбден лайық.

Өз сөзінде Ұлттық комиссия хатшысы әліпбилік графиканы ауыстырудың маңызын баса көрсетіп, латын әріптеріне көшу – қазақстандық мәдениет брендін әлемдік ауқымда ілгері бастырудың қосымша арнасы мен әдісі болып табылатынын атап өтті.

А. Балаеваның айтуынша, латын әріптерін енгізу дәстүрлер мен ғұрыптарды сақтаудың ғана емес, дамытудың да тікелей тетігі болып табылады.

Конференцияның модераторы – Еуразиялық интеграция институтының директоры Ғани Нығыметов өз сөзінде қоғамда жағымды жаңғыртушылық көңіл-күй деңгейі артып келе жатқанын, Рухани жаңғыру бағдарламасына түсінік пен сенім бар екенін атап өтті.

Ғ. Нығыметов тиімді жаңғырту процесіне ықпал ететін, сондай-ақ оны тежейтін үрдістерді анықтау бойынша Институт жүргізіп жатқан зерттеулердің кейбір деректерін айтып берді.

Мәселен, модератордың айттуынша, қазақстандықтардың 80%-ынан астамы Қазақстанның одан әрі дәйекті түрде дамуы үшін қоғамдық сананы жаңғырту қажет деп есептейді.

Сонымен қатар, қазақстандықтардың пікірі бойынша, өз мәдениетін, өз ұлттық кодын сақтау жаңғыртудың табысты болуының шешуші шарты болып табылады. Мәселен, сұрау жүргізілгендердің 79%-ы өз отбасыларында қабылданған халықтық дәстүрлер мен ғұрыптарды ұстану өздерінің өмірлерінің маңызды құрамдасы болып табылады деп айтты.

Ғ. Нығыметовтың айтуынша, қазақстандықтар мақтаныш тұтатын құндылықтардың алғашқы үштігінде: азаматтық татулық пен келісім, этносаралық қатынастардағы үйлесім, Қазақстан халқының қонақжайлылығы мен ақ пейілі бар. Бұл ретте әрбір бесінші респондент Қазақстан қоғамының дәстүрлерге ұқыптылықпен қарайтынына мақтанады.

Конференцияда: ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Талғат Жұмағұлов, ҚР МСМ Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Алмаз  Нұразхан, ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған, шетелдік сарапшы, Назарбаев университеті профессорының ассистенті Чарльз Салливан, белгілі мәдениеттанушы және сценарийші Зира Наурызбаева және басқа да ғалымдар мен қоғам қайраткерлері спикер болды.

Осы іс-шара барысында Ұсынымдар талқыланып, қабылданды.

Конференцияның жұмысына Қазақстан мен шетелдің мемлекеттік органдарының, ғылыми және сарапшылық-талдамашылық қоғамдастығының 100-ден астам өкілі қатысты.

 

Өткізілген жері: Астана, Сығанақ к-сі, 27, «Soluxe Hotel Astana» (Пекин Палас) қонақүйінің «Silk Way» конференц-залы

Өткізілген уақыты: сағат 10:00 – 13:00

 

Еуразиялық интеграция институтының

Баспасөз қызметі

Тел.: + 7 702 259 99 94 e-mail: Zhuldyzai89@mail.ru