поддержка PHP 7

Еуразиялық интеграция институтының сыртқы сарапшысы Дәурен Базаров орталық азия елдері ынтымақтастығының жаңа кезеңі басталғанын айтады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Араға 9 жыл салып Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бір араға келуі, аймақта қордаланып қалған біраз мәселелердің бар екендігін көрсетіп берді.

Консультативтік жұмыс кездесуінде қозғалған ортақ су мәселесі, есірткімен күрес, лаңкестіктің алдын алу сияқты көлемді сұрақтар уақыт күттірмей, өз шешімін табуы керектігін барлық жетекшілер мақұлдады.

Тәжікстан Республикасы Президенті Э.Рахмонның ОА елдері басшыларының консультативтік жұмыс кездесуі қарсаңында ресми сапармен келуі екі ел арасындағы ынтымақтастық пен мемлекетаралық қарым-қатынастың жаңа кезеңіне тың серпін әкелмек. Ортақ шекарасы жоқ Қазақстанның тауар айналымы көлемі жөнінен Тәжікстанның жетекші экономикалық әріптестері арасында екінші орынға ие болуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық әлеуетінің жоғары екендігін көрсетеді.

Консультативтік кездесу барысында көз жеткізгеніміздей, ОА мемлекеттері арасында ортақтаса атқаратын іс-қимылдар жетіп артыларлықтай. Мәселен, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, аймақтық транзит-көлік инфрақұрылымның кеңеюі, су-энергетикалық, азық-түлік әлеуеттерін ұтымды игеру, өндіріс және өңдеу салаларын дамыту, озық технологиялар мен инновацияларды қолдану, цифрлық экономика жолындағы ілгерілеу ОА елдері әлеуетінің тұрақты түрде өсуін қамтамасыз етуге септігін тигізбек.

ОА елдеріне ортақ мейрам болып табылатын Наурыз мерекесі қарсаңында мемлекет басшылары көтерген проблемалар бойынша ортақ түсіністіктің қалыптасуы және консультативті кездесуді тұрақты түрде өткізуге уағдаласуы аймақтың келешегі үшін жақсылықтың нышаны болып табылады», - деді Дәурен Базаров.

Толығырақ

Back to top