поддержка PHP 7

«Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып оты­руы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады»

Н. Ә. Назарбаев

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының таныстырылымында сөйлеген сөзін талқылауға және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына жыл толуына арналған

 

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының таныстырылымында сөйлеген сөзін талқылауға және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына жыл толуына арналған

ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛДІҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ТУРАЛЫ

 

2018 жылғы 27 сәуірде Астана қаласында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының таныстырылымында сөйлеген сөзін талқылауға және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына жыл толуына арналған дөңгелек үстел өткізілді.

Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, ҚХА кафедралары қауымдастығының және этномәдени бірлестіктерінің өкілдері және қызығушылық танытқан оқырмандар қатысты.

Дөңгелек үстелге қатысушылар алдында бірінші сөз кезегін алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының «нәтижесі 5-6 жылдан кейін көрінетін болады» деп атап өтіп, жобаның маңызы жайлы әңгімеледі. Ол, біз және бізді қоршаған әлем өзгеруі тиіс екенін айтты. Филология, медиаэтика, өнеркәсіптік революция және т. б. туралы көптеген тамаша кітаптар бар және мұндай кітаптар жастарды одан әрі дамытуға және Мемлекет басшысы алға қойған мақсатқа жетуге – Қазақстанның әлемнің 30 дамыған елдерінің қатарына қосылуына мүмкіндік береді. Баяндамашы атап өткендей, табысқа жетудің жолдары азаматтарымыздың жоғарғы білімді адамдар болуымен тығыз байланыста. Сондықтан мұндай оқулықтар болашақта жоғары нәтижелерге қол жеткізуге, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін көтеруге мүмкіндік береді.

Іс-шараның кіріспе бөлімінде сөз алған Ұлттық аударма бюросының жоба жетекшісі Қисыбай Әлібек өз сөзінде жаңғырту үдерісі гуманитарлық біліммен тығыз байланысты екенін және студенттерді саясаттану, әлеуметтану, философия, экономика, антропология, филология, педагогика және т.б. салаларда даярлауға аса жіті көңіл бөлу керектігі туралы атап өтті. Сондықтан, 100 оқулықты қазақ тіліне аудару жобасының бірегейлігі және еліміздегі барлық білім беру саласындағы маңызы, яғни қазақстандық жоғары оқу орындарында білім беру деңгейін айтарлықтай арттыратыны, жалпы алғанда, білім беруді әлемдік деңгейге көтеретіні туралы айтты.

Сонымен қатар, жоба, тұтастай алғанда, қазақ тілін, ғылыми сөздік қорымызды дамытуға да айтарлықтай оң әсер етеді: биылғы жылдың өзінде ғылыми айналымға үш мың жаңа термин енгізілген. Бұл сондай-ақ, Қазақстанның аудармашылық мектебінің белсенді дамуына тың серпін береді және шетелдік аудармашылармен өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жобаға тиісті ғылыми бағыттар бойынша магистранттар және докторанттар тартылады.

Ұлттық аударма бюросының жоба жетекшісі жиналғандарға бүгінгі таңда жаңадан аударылған 18 оқулықтың жетекші жоғары оқу орындары мен еліміздің кітапханаларына таратылғаны және 2018 жылғы 1 қыркүйектен бастап, осы кітаптармен оқыту басталатыны туралы айтты. Сонымен қатар, тағы 30 жаңа  кітаптың іріктеліп, аударылып жатқанын жеткізді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы (ҚР ҰАК) директорының орынбасары Әлия Қожабекова бұл дөңгелек үстелді өткізу орны кездейсоқ таңдалмағаны туралы атап өтті: ҚР ҰАК және Қазақстанның барлық кітапханалар желісінің міндеті жаңа оқулықтарды көпшілікке кеңінен таныстыру үшін оқулықтардың студенттер, ғалымдар, педагогтар үшін қол жетімділігін қамтамасыз ету болып табылады. ҚР ҰАК 42 мың құжаты бар электрондық кітапханасына Қазақстан жұртшылығы ғана емес, әлемнің барлық елінің оқырмандары кіріп танысу мүмкіндігі бар, сондықтан 100 оқулық бұл кітапханада лайықты орнын алады. Оның үстіне, 2020 жылға қарай, Қазақстанның бүкіл кітапхана қоры цифрландырылады және аталған электрондық ресурста орналастырылатын болады. ҚР ҰАК отандық ғалымдардың ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етеді және барлық ғылыми-зерттеу жобаларына қолдау көрсететін болады. Сондықтан, жаңа оқулықтарды цифрлау мүмкіндігі бар, кітапхананың ресурстары жеткілікті.

Астанадағы өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Шерзод Пулатов ҚХА-ның XXVI сессиясы қарсаңында Ассамблея жаңадан аударылған оқулықтарға байланысты мәселелерді ғалымдар мен сарапшылардың талқылауына арналған алаң құрғаны туралы әңгімелеп берді. Жақында Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жобаларды ілгерілету мақсатында Ассамблеяның жастары бірігіп, «Жаңғыру жолы» қозғалысы құрылды. Ал әлеуметтік желілерде #ОҚЫДЫМ хештегімен 100 оқулық туралы, олардың маңыздылығы, онымен байланысты мәселелер талқыланатын болады. Бұл жоба қазақстандықтарды дамытуға, Қазақстанда және жаһандық ауқымдағы бейбітшілік пен өзара түсіністік орнауына мүдделі болатын жоғары білімді, жоғары интеллектуалды адамдарды тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Этномәдени бірлестіктер оқулықтарды талқылауға белсенді қатысуда. Оларда этноағарту кешендері (жексенбілік мектептер) жұмыс істейді және оларды жаңа 100 оқулықты тарату тізімдеріне қосу ұсынылды.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ҚХА кафедрасының меңгерушісі, профессор Анатолий Башмаков Альберт Эйнштейннің «адамның көзқарасын өзгерткеннен   атомды ыдырату оңай» деген сөздерін келтірді.  Сананы жаңғырту бойынша жұмыстар – бір мезеттік құбылыс емес, ол онжылдықтардың жұмысын білдіреді, және бұл тұрғыда, «Рухани жаңғыру» аясында "Жаңа гуманитарлық білім" жобасының маңызы зор. Бүгінгі таңда жастарды әлеуметтендіруде, өскелең ұрпақтың бойында азаматтық ұстаным қалыптастыруда мектеп пен университетке зор міндет жүктеледі. Сондықтан, оқулық – ең маңызды құрал, бұл жас қазақстандықтарды оқыту, тәрбиелеу, олардың бойында өз жеріне, өз халқына сенім ұялату, олардың өз тарихи жады арқылы ішкі әлемін қалыптастыруға көмектеседі.

А.А.Башмаков жаңадан аударылған оқулықтардың білім беру саласына қосқан оразан зор үлесінен бөлек, қазақстандықтардың мемлекеттік тілді меңгеруіне ынталандыратынын айтты. Оның айтуынша, қазіргі уақытта, аударуға таңдалған көптеген топ-оқулықтарды орыс тілінде немесе түпнұсқа тілде тегін алу мүмкін емес. Мемлекет басшысы ұсынған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы барлық қазақ тілін білетіндерге бұл кітаптарды мүлдем тегін оқуына мүмкіндік береді.

А.А.Башмаков атап өткендей, Еуразиялық интеграция институты «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында маңызды жұмыс атқаруда. Институттың әлеуметтік өлшеулері мен зерттеулері, сондай-ақ олардың нәтижелері біздерге ой салады деп атап өтті.  

Еуразиялық интеграция институты директорының орынбасары Наталья Калашникова Институт жүргізген әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, қазақстандық қоғамда мемлекет жүргізіп отырған жаңғырту процестерін қолдау жоғары деңгейде екенін атап өтті. «Жаңа типті жеке тұлғаны қалыптастыру бойынша ауқымды қазақстандық эксперимент» - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халықтың арасында кеңінен қолдау тапты.

Спикер студент жастардың ұлттық сананы жаңғыртудағы үлесі, бұл ретте «100 жаңа оқулық» жобасының өскелең ұрпаққа білім беру ісіндегі ерекше рөлі туралы баяндады. Бұл жоба - Президенттің білім беру мен ғылым салаларындағы «бес жылға арналған жалпыұлттық білім беру ісін жүзеге асыруға»  мүмкіндік беретін стратегиясының маңызды бөлігі деп атап өтті.

Н.П.Калашникова өз сөзінде жоғары оқу орындарының профессорлары мен сарапшыларының аударылған оқулықтарды оқу процесіне енгізудегі рөлі және жауапкершілігі туралы айтты. Аталған жоба жаңа оқулықтармен оқыту үшін авторлық әдістемелер әзірлеуге міндеттейді. Баяндамашы Ұлттық аударма бюросы тарапына, оқытушылар үшін, сондай-ақ білім алушылармен және оқырмандармен тікелей жұмыс істейтін кітапханалар үшін әдістемелік ұсынымдар әзірлеу қажеттігін атап өтті. Бұл ретте, ұлттық білім беру жүйесінің ерекшеліктерін ескере отырып, әдістемелік ұсынымдарда аударылған шетелдік басылымдардың негізгі мәнін сақтаудың маңыздылығына назар аударды.

ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Сот төрелігі академиясының кафедра меңгерушісі Төлеуғали Бурбаев гуманитарлық кафедраларды, әсіресе, жеке меншік жоғары оқу орындарында міндетті түрде сақтай отырып, дамытуға және жаңғыртуға, цифрландыру және ізгілендіру диалектикасын сақтауға шақырды, өйткені гуманитарлық білім республика азаматтарының дүниетанымы мен рухани мәнін, ерекше қазақстандық идеологияны қалыптастыратынын атап өтті. .

ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Амангелді Қашқымбаев аударма мәселелері және қазақ тілінде терминжасам туралы, сондай-ақ, жаңа оқулықтардың барлық студенттер, магистранттар, докторанттар және кітапхана оқырмандары үшін қол жетімділігін қамтамасыз ету тетіктерін мұқият пысықтауға кеңес берді, (салыстыру үшін, жаңа оқулықтар 10 мың дана таралыммен шығарылады, ал ЕҰУ-да 17 мыңға жуық студент оқиды). Бұл туралы Ә. Қисыбай, жобаның сайтында екі апта ішінде онлайн оқу мүмкіндігі  болуы үшін оқулықтардың электрондық нұсқалары орналастырылатынын және жақын арада баспа нұсқаларын тарату басталатыны туралы айтты. Оқулықтарды жүктеу мәселесіне қатысты сұрақтардың шешімі авторлық құқықтарды қорғауға байланысты болады.

М.В.Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалының және Ш. Уәлиханов ат. Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Нұрсұлу Шаймерденова жобаға қатысқан аудармашылар туралы ақпараттық басылым дайындауды ұсынды. Бүгінгі таңда біздің республикамыздағы және шет елдердегі үш тілді және қазақ-ағылшын тілдерінің аудармашыларының деректер базасын құру қажеттілігі туындады. Бұл базаға, әсіресе жас аудармашылар туралы мәліметтер қамтылуы қажет, олар әлі аса танымал емес, бірақ осыған ұқсас жобаларды жалғастыру үшін жоғары әлеуетке ие. Алдағы уақытта аударылып шығарылатын оқулықтарда автор туралы, сондай-ақ, нақты осы оқулық неліктен таңдап алынғаны жөнінде ақпарат деректерін қоса беру ұсынылды.

Баяндамашы осы жобаға қатысушы аудармашылармен жария дәрістер мен шеберлік сыныптарын өткізу туралы ұсыныс жасады. Бұл идеяны Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Еуразиялық зерттеулер кафедрасының меңгерушісі, профессор Нұрбек Шаяхметов қолдады. Сонымен қатар, жобаны екінші жағынан ілгерілету, яғни әлемдік қоғамдастыққа қазақстан мәдениетін таныстыру туралы ой бөлісті, сондықтан қазірдің өзінде қазақстандық басылымдарды ағылшын тіліне аудару қажеттілігі бар екенін атап өтті. .

Нұрсұлу Шаймерденова өз сөзін Клод Леви-Стросстың: «ХХІ ғасыр  гуманитарлық ғылымдар ғасыры болады немесе мүлдем болмайды» деген дәйексөзімен аяқтады.

Дөңгелек үстел жұмысына қатысқан белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері және басқа да танымал тұлғалар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын, барлық алты жалпыұлттық жобаны және біздің жастарымыздың ұлттық санасын жаңғыртуға бағытталған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын нақты іске асырудағы атқарған жұмыстары бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Әрбір спикер өзінің әлеуметтік-мәдени және тілдік ортадағы, ЖОО-дағы және қоғамда атқарылған жұмыс әдістемелерімен бөлісті.

Іс-шараның елеулі практикалық ұсыныстарының бірі - 100 жаңа оқулықты ілгерілету, оларды оқу үдерісіне енгізу, сондай-ақ оқулықтарға қызығушылық танытқан оқырман қауыммен жұмысты ұйымдастыру бойынша оқытушылар мен кітапханашыларға арналған әдістемелік құрал әзірлеу идеясы ұсынылды.

Ұлттық аударма бюросымен бірлескен жұмысты одан әрі жалғастыру үшін іс-шараның материалдарын, спикерлердің баяндамаларын жинақтап қорыту және жіберу жоспарланды.  

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар Мемлекет басшысына таныстырылған 18 оқулықпен көрнекі түрде танысты және Ұлттық аударма бюросы өкілдеріне сұрақтар қою мүмкіндігіне ие болды.

 Өткізілген орны: Астана қ., ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, Достық көшесі, 11.

Өткізілген уақыты: 2018 жылғы 27 сәуір, сағ. 11.00–12.30

Back to top