поддержка PHP 7

«Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып оты­руы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады»

Н. Ә. Назарбаев

2018 жылғы 4 мамырда Астанада ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) базасында «Астана экономикалық форумы: XXI ғасырдағы жаһандық сын-тегеуріндер және Қазақстан» тақырыбында сарапшылық дөңгелек үстел өтті.

Дереккөз: www.primeminister.kz сайты. 

Дөңгелек үстел жұмысына экономикалық даму үрдістерін зерттеу жөніндегі жетекші отандық орталықтардың өкілдері қатысты.

Шараны аша отырып, дөңгелек үстелдің модераторы, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Зарема Шәукенова «Қазақстан әлемдік үрдістердің негізгі ағымында екенін, бүгінгі таңда бізде бәсең дамып, баяу бейімделуге уақыт жоқ екенін, сондықтан да жедел жаңғырту моделі қабылданғанын» атап өтті.

«Мемлекет басшысы үнемі елімізді дамудың жоғары деңгейіне шығаруды көздейтін ауқымды күн тәртібін ұсынады. Елбасының Қазақстанды әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына қосу жөніндегі мақсаты, бес институционалдық реформа, ауқымды Жаңғырту 3.0, Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері, рухани жаңғыру, әлеуметтік бастамалар — бұл инновациялық даму, батыл институционалдық реформаларды іске асыру және әлеммен бірлесу тұрғысынан Қазақстанның жаһандық сын-тегеуріндерге жауабы», — деді З. Шәукенова.

GVA Kazakhstan серіктесі Булат Столяров алда өтетін Форумның жаңартылған форматымен таныстырды. Ол Форумның бағдарламасы, негізгі тректер, әлемдік қауымдастықта танымал қонақтар мен конгресс қатысушылары туралы толығырақ айтып берді.

«XI Астана экономикалық форумы жаһандық өзгерістер аясында өтеді. Форумның бағдарламасын жасау барысында біз Қазақстан жағдайын ескеру арқылы ғаламшар дамуының басты мега-трендтерін қарастыруға тырысамыз, Қазақстанның топырағына сай қарастыра отырып, елдің даму жоспарын нақтылау туралы сұрақтарға жауап беруге тырысамыз», — деді Б. Столяров.

Сонымен бірге, Булат Столяров «бұл конгресті ұйымдастыру оңайға соққанын айтты, себебі Қазақстан әлемге өз идеяларымен, мега-жобаларымен танылып келеді, атап айтқанда «Экспо-2017» көрмесін өткізу, рухани жаңғыру, Астана мерейтойы, биыл іске қосылатын «Астана» халықаралық қаржы орталығы және т.б.»

Дөңгелек үстел барысында технологиялық жаңару және цифрландыру, азаматтық қоғамның жаңа парадигмалары, Қазақстанның экономикалық өсімі және Ұлы Еуразияның келешегін әлеуметтік өлшеу бойынша сындарлы диалог жүргізілді.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары, саясаттану ғылымының докторы Санат Көшкімбаевтың айтуынша, Астана экономикалық форумы үйлестіруші құрал болып қала бермек, ол ұлттық экономикалық саясат пен жаһандық саясат арасындағы көпір болуды көздейді. Саясаттанушы биыл Форумның соңғы пікірталастары қазақстандық сарапшылар мен Үкіметке 2019–2020 жылдарға арналған ұлттық даму стратегиясын дайындауға және келешек болжамдарын жасауға көмек беретініне сенім білдіреді.

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, экономика ғылымдарының докторы Шаһарбану Жақыпованың айтуынша, АЭФ дұрыс бағытта жүріп жатқанымызды тексерудің бірегей алаңына айналды.

Форумның күн тәртібінде белгіленген жаһандық сын-тегеуріндер арасында спикер «Цифрлық әлем» трендін ерекше атап өтті. Бүгінгі таңда еліміздегі барлық реформалар орта мерзімді келешекте осы жаңа сын-тегеуріндерге бейімделуге бағытталған, деп есептейді сарапшы.

Өз сөзінде, әлемдік экономиканың бәсеңдеуі тренд пе әлде ауытқушылық па деген сұраққа ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері, экономика ғылымдарының докторы Вячеслав Додонов жауап беруге тырысты.