поддержка PHP 7

«Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып оты­руы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады»

Н. Ә. Назарбаев

«Интеграциялық және жаңғырту процестері жағдайында адам капиталын дамыту» халықаралық ғылыми конференциясының қорытындысы шығарылды

 

2018 жылғы 14 қарашада Астана қ. «Park Inn» қонақ үйінде Еуразиялық интеграция институтының «Интеграциялық және жаңғырту процестері жағдайында адам капиталын дамыту» тақырыбына халықаралық ғылыми конференциясы өтті.

Аталмыш шараның мақсаты – жаңғырту процестері мен жаңа жаһандық сын-тегеуріндер жағдайында адам капиталын қалыптастыру мәселелеріне арналған зерттеулер тәжірибесін талдау және жиынтықтау болды, сондай-ақ Еуразиялық кеңістік елдерінде адам капиталын дамытудың жекелеген мәселелері қаралды.

Конференция ғылыми-сарапшылық қауымның халықаралық және отандық өкілдерінің қазақстандық жаңғыру феномені мен интеграциялық процестерді әрі қарай жетілдіру жолдарын жан-жақты талқылау үшін бас қосатын орынға айналды.

«Білім беру процесіне инновациялық технологияларды енгізу», «Қазақстанды жаңғыртудың негізі ретінде азаматтық қоғамды дамыту», «Ауқымды технологиялық өзгерістер жағдайындағы жаңа еңбек саясаты» атаулы үш панельдік сессияға және пленарлық сессияға  орталық мемлекеттік органдардың, ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесі мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Қазақстан, Германия, Ресей, Литва елдерінің шығармашылық және ғылым зиялылары, сондай-ақ Түркия, Ресей және Иран Ислам Республикасының дипломатиялық миссиясының өкілдері қатысты.

Пленарлық отырыс аясында адам капиталын дамыту проблемаларына; ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың  елдегі жаңғыру процестерінің қалыптасу мен дамуындағы рөліне; Қазақстан ұсынған және жүзеге асырған интеграциялық бастамаларға арналған тақырыптамалық баяндамалар оқылды.

Қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Б.Х. Нарымбетов, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынастарды зерттеу орталығының басшысы, ҚХА ҒСК төрағасының орынбасары А.К. Сәдуақасова, ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Б.М. Нарбекова және конференцияның басқа да қонақтары, өз баяндамаларында, Тәуелсіздік жылдарындағы азаматтық қоғамның қалыптасуы, сондай-ақ елдегі адам капиталының нығаюуы жайлы қызықты фактілермен бөлісті.

Халықаралық ғылыми конференцияның модераторы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Халықаралық байланыстар және инновациялар жөніндегі проректоры Б.Ж. Сомжүрек болды.

Әртүрлі елдердің ғылыми-сарапшылық қауымдастықтарының К. Каль, А. О. Подольский және А. Давалга сияқты өкілдерінің сөйлеген сөздері уақтылы болды, олар конференцияда адам капиталын дамытудың жаңа қырларын ұсынды.

AlmaU неміс университетінің Халықаралық даму және зерттеулер жөніндегі проректоры, PhD Каль Кристианның пікірінше, Қазақстанның білім беру саласындағы жетістіктерін бағалау үшін көбірек уақыт қажет және санды емес, сапаны көздеу керек.

Ресейдің «20.35 ҰТБ уни­вер­ситеті» Цифрлық экономикаға арналған кадрлар даярлау жөніндегі директоры Олег Подольскийдің айтуынша,  көрші елде жылына 120 мың ІТ-мамандарын шығару жоспары бар. Сондай-ақ, ол математика және информатика саласының жас дарындарын қолдау керек деп санайды.

Қазақстандық академик Александр Тесленко жастардың қазіргі құндылықтары жайлы айтып берді. Атап айтқанда, қазіргі қазақ студенттеріне жүргізілген сауалнама бойынша, олардың басымдықтар қатарында ақша көшбасшылық етіп тұр – шамамен 27% респондент оны басты деп атады. Тағы 21% - білімді, 20,3% – мансапты, 19% – отбасын және 18,7% – өмірден рақат алуды алдынғы орынға қойды.

Жиналған ғалымдар адам капиталын дамытудың маңыздылығы жайлы айтты. Нақты осы ресурс XXI ғасыр жағдайында материалдық игіліктердің басты көзі болып табылады.

Конференцияның қорытындысы бойынша қатысушылар резолюция қабылдады, сондай-ақ ұсыныстар енгізілген материалдар жинағы шығарылатын болады, ол қатысушылар мен барлық мүдделі оқырмандарға Еуразиялық интеграция институтының сайтында қолжетімді болады.

Back to top