поддержка PHP 7

«Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып оты­руы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады»

Н. Ә. Назарбаев

Еуразиялық интеграция институты өзгерістерді басқару, коммуникативтік саясат және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша бірқатар семинар-тренингтер өткізді

 

2018 жылғы 29 қазан мен 15 қараша аралығында Еуразиялық интеграция институты Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды қалаларында мемлекеттік және үкіметтік емес секторлардың басқарушы және басқа да жұмыскерлеріне арналған бірқатар семинар-тренингтер өткізді. Атап айтқанда, іс-шараларға вице-министрлер, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерінің әлеуметтік блокқа жетекшілік ететін орынбасарлары, комитет төрағалары мен олардың орынбасарлары, өңірлік ішкі саясат басқармалары, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, жобалық басқарудың енгізу штабтарының мүшелері және т.б. қатысты.

 

Семинар-тренингтердің мақсаты:

  • «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: өзгерістерді жобалық басқару» тақырыбы бойынша – тыңдаушылардың өзгерістерді басқару, жобалық менеджмент, жобалық командаларды және бюджеттерді басқару, тәуекелдердің алдын алу, сондай-ақ жобалар мен бағдарламаларды тиімді іске асыру үшін қажетті дағдыларды жетілдіру саласындағы заманауи технологияларды қолдану бойынша білімдерін нығайту;

 

  • «Рухани жаңғыру»: ішкі саясат саласындағы өзекті бағыттар және міндеттер» тақырыбы бойынша – мемлекеттік қызметшілер мен үкіметтік емес сектор өкілдерінің жұмыс тиімділігін арттыру, олардың «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру аясындағы құзыреттерін кеңейту, сондай-ақ, олардың білімдері мен тәжірибелік дағдыларын нығайту;

 

  • «Жаңғыру және дағдарыс жағдайындағы коммуникативтік саясат» тақырыбы бойынша – білімді және үздік әдістемелерді және дағдарысқа қарсы жедел коммуникация құралдарын қолдану дағдыларын нығайту.

 

Семинар-тренингтерге отандық және шетелдік тренерлер қатысты:

Әбенов Мұрат Абдуламитұлы, «Атамекен» ҚР ҰКП Президиумы жанындағы Ақпараттық-коммуникативтік технологиялар, білім және инновация комитетінің төрағасы;

Әбіл Ерлан Қуанышұлы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының директоры, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор;

Пунит Гаур, профессор, Үндістан Сыртқы істер министрлігінің Ауыл шаруашылығы және өңірлік даму саласындағы зерттеулер институтының (CRRID) доценті (Үндістан – Қазақстан);

Жұмабаев Батырхан Елекұлы, «Сакральды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы басшысының орынбасары;

Сергей Александрович Зверев, Коммуникацияларды басқару саласындағы консультант (Ресей), КРОС Президенті, Жоғары экономика мектебінің Интеграцияланған коммуникациялар департаментінің басшысы, Ресей Жұртшылықпен байланыс ассоциациясының сарапшылық кеңесінің мүшесі;

Игорь Николаевич Панарин, саяси ғылымдардың докторы, профессор, психология ғылымдарының кандидаты (Ресей);

Олег Полетаев, Ресей Федерациясы Жұртшылықпен байланыс ассоциациясының вице-президенті;

Елена Александровна Раздольская (Израиль), Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қаржы академиясының атқарушы директоры;

Тали Розенбаум, Неміс-израиль ғылыми зерттеулер және даму қорының директоры (Израиль);

Елена Тосетто, ЭЫДҰ Статистика комитетінің сарапшысы;

Николай Александрович Ягодкин, Advance оқыту технологиялары орталығының басшысы (Ресей) және басқа да адамдар.

 

Іс-шаралар барысында басқарудың жаңа әдістерін енгізу арқылы Қазақстанның үшінші жаңғыруы және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылатын жобалардың тиімділігін арттыру бойынша пікірталас өткізілді. Семинарлар аясында ҚР Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы бойынша қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламаларын іске асырудың қолданбалы аспектілері қаралды.

Тыңдаушылар Мемлекет басшысы азаматтардың елдегі өзгерістер процесіне атсалысуын қамтамасыз ету мақсатында айқындаған ішкі саясаттың стратегиялық жаңа бағыттарын талқылау мүмкіндігін алды. Атап айтқанда, жастар саясатының өзекті мәселелері, отбасы институтын дамыту және басқа да әлеуметтік бағдарламаларды іске асырудың келешегі әңгімеленді. Пікірталастың негізгі міндеттерінің бірі қоғамды аталған бастамалар айналасында әрі қарай шоғырландыру механизмдерін әзірлеуден тұрады.

Сонымен қатар, қызу тартыс тудырған орталық тақырыптардың бірі жаңғыру жағдайындағы бұқаралық коммуникациялардың заманауи технологияларына арналған болатын. Әлеуметтік медианы мемлекеттік басқару жүйесіндегі жариялы коммуникациялар платформасы ретінде қолдану, сондай-ақ әлеуметтік желілерді халықпен кері байланысты жүйелендіру, мемлекеттік органдардың қызметі туралы ақпараттандыру, саяси шешімдер қабылдау кезінде ашық талқылау және жан-жақты консультация алуды ұйымдастыру және т.б. үшін қолдануға ерекше көңіл бөлінді.

Іс-шараларға қатысушылар халықаралық жаңғырту тәжірибесімен таныстырылды, мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды іске асыруда әртүрлі технологияларды қолдану бойынша алған дағдыларын іс жүзінде пысықтады.

 

Тыңдаушылардың пікірлері бойынша, Еуразиялық интеграция институтының семинар-тренингтері, олардың өзгерістерді басқару саласындағы білімін арттыруға, жобалар мен бағдарламаларды, сондай-ақ дағдарысқа қарсы коммуникацияларды қалыптастыруды басқару қағидалары мен механизмдері жайлы түсініктерін нығайтуға мүмкіндік берді.

  

 

 

 

Back to top