поддержка PHP 7

«Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып оты­руы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады»

Н. Ә. Назарбаев

Аманғосов Еркебұлан Русланбекұлы,

Еуразиялық интеграция институты

Әлеуметтік зерттеулер департаментінің

сарапшысы

ҮЗДІКСІЗ ӨЗІН-ӨЗІ ЖЕТІЛДІРУДІҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ

      Әр жылдың басында жария етуі дәстүрге айналған ҚР Президентінің Қазақстан халқына осы жолғы Жолдауы – заман талабына, сын-қатерлеріне оңтайлы жауап, себебі Төртінші өнеркәсіптік революция алдыңғы үшеуімен салыстырғанда анағұрлым жылдам жүруін және «уақыттың қысқаруын» әлемдік сарапшылар мойындауда. Жолдауда аса көрсетіп өткен 10 міндет Қазақстанды Үшінші жаңғырту, конституциялық реформалар мен ұлттық сананы жаңарту үдерістерімен үндеседі, одан әрі дамуға жаңа серпін беретіні сөзсіз.

     Әр міндет заңнаманы заманауи трендтерді, әлем көшіндегі үдерістерді ескеріп, жаңартуға бағыт алуы көңіл қуантарлық. Жаңа жағдайда заң аясында реттеуді қолға алу, соның ішінде венчурлық қаржыландыру, жеке тұлғалардың банкроттығы, электрондық еңбек биржасы және т.б. туралы заңдарды шығару, сондай-ақ экологиялық кодекске, табиғи монополиялар саласын реттейтін заңдарға тиісті өзгерістерді енгізу цифрлық технологиялардың жаңа мүмкіндіктерін кеңінен қолдануға жол ашады.

     Жолдауда мұғалім мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 процентке көбейту ерекше аталып өтті. «Ұстаздық еткен жалықпас», десек те, «көл көсір мұнай» дәуірінен «цифрлық дәуірге» аяқ басқан кезде, адами капиталдың қалыптасуында, оның ішінде өскелең ұрпақта заман талабына сай тәрбиелеуде, оқытуда білім беру қызметкерлері біліктіліктерінің мазмұнында сапалық өзгерістердің алатын орны маңызды. Педагогтардың ұдайы өзін-өзі жетілдіруімен қатар, оқушыларға қажетті функционалдық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дарыту ісінде Төртінші өнеркәсіптік революцияда бәсекеге қабілеттілігін ескеруі қажет етеді. Бұл меже – білім беру ісінде ауыр тию тәуекелі қоса жүретін күрделі өзгерістердің қажеттігінде. Орта мектеп пен колледждер және жоғары оқу орындары үздік оқытушыларының видеосабақтары мен видеолекцияларын Интернетте орналастыру, сондай-ақ интернен ортада озық білім үлгілерімен танысуда үш тілде білім алуы жаңа бағдарға жол ашуы тиіс. Khan Academy, Coursera, Udacity, MIT OpenCourseWare, Arzamas, HTML Academy және т.б. секілді ресурстарды білім беру ісінде кеңінен қолдану мәселелері, одан қалды осы бағытта қазақ тіліндегі контентті онлайн өзін-өзі ұдайы жетілдіру ресурстарын әзірлеу және дамыту ісін қолға алынады деген сенім көңілді ұялатады. Қазақ тілінің Латын әліпбиіне көшуі осы істі ғаламдық ортаға одан әрі интеграциясына жол ашып қана қоймай, ұлттық сананы жаңартуда мүмкіндікті кеңейте түседі. Аталған міндетті іске асыруда материалдық техникалық мүмкіндіктерді, әсіресе шалғай жатқан елді мекендерде ескеру керек. Дегенмен, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, 2020 жылға дейін интернет қолданушылардың санын 80 пайызға дейін арттыру, тұрғындардың 95 пайызын цифрлы xабар таратумен қамту, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін арттыру көзделуі ұдайы, үздіксіз өзін-өзі жетілдіруде, сондай-ақ гуманитарлық бағыттағы әр тілде жарық көрген әлемдегі «100 үздік оқулықты» қазақ тіліне аудару ісін жүргізуі, «Қазақша Уикипедияның» қазақ тіліндегі контентті жетілдіруде оң тәжірибесі қолға алған міндетті сапалы, оңтайлы іске асыруда кеңейте түседі.

     Жолдаудың ««Үлкен деректер» (Big data)», «жасанды интеллект», «блокчейн» және т.б. секілді жаңа түсініктерге толуы заман талабына сай болу ғана емес, күнделікті өмірде ене бастағандығының көрінісі. Төртінші өнеркәсіптік революцияның жаңа мүмкіндіктерге жол беріп қана қоймай, зор тәуекелдерге толы, ал Елбасының стратегиялық дамыту бағдары өз өміршеңдігін әлдеқашан дәлелдей түсті. Сондықтан, әр аталған міндетті іске асыру мемлекеттік органдардың, жергілікті биліктің ісі ғана емес, жалпы азаматтық борыш ретінде қаралуы тиіс.

Back to top