поддержка PHP 7

«Я убежден: начатые нами масштабные преобразования должны сопровождаться опережающей модернизацией общественного сознания. Она не просто дополнит политическую и экономическую модернизацию - она выступит их сердцевиной»

Назарбаев Н. А.

Аманғосов Еркебұлан Русланбекұлы,

Еуразиялық интеграция институты

Әлеуметтік зерттеулер департаментінің

сарапшысы

 

 

Дамудың жаңа белестерін басынан өткізіп тұрған әлемдік қауымдастық адами капиталды дамытуды бәсеке қабілеттілікті күшейтіп қана қоймай, әр мемлекеттің өміршеңдігінің маңызды, әрі басты алғышарттарының бірі ретінде қарастырады. Бұл жерде әр азаматтың өмір сүру сапасы, білімі, білігі, денсаулығы, әлеуметтік оптимизмі және көптеген басқа да көрсеткіштерді қамтитын жиынтықты жүйе ретінде қабылдаған жөн. Швейцарлық Давоста өткен кезекті Бүкіләлемдік экономикалық форумда белгілі израилдік тарихшы Юваль Ной Харари «қазіргі уақыттағы өзгерістерге мұқият қарасақ, мамандықтарды емес, адамдарды қорғауымыз керек» деп, Төртінші өнеркәсіптік революция аясында барлық күш-жігерді адамзатқа қарай бетбұрысты одан сайын тереңдете түскен болатын. Бұл жерде өмір бойы өзін-өзі дамыту ерекше орын алады.

Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауының басты бағыттарымен ұштасатын, ҚР Парламентінің қос Палаталары мен Үкіметінің біріккен отырысында жария еткен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуіндегі миллиондаған қазақстандықтардың әлеуметтік өмірінде оң өзгерістерді әкелетіні, әсіресе адами капиталды дамытуда жаңа серпін беретіні сөзсіз. Жеке тоқталып өтсек, Үшінші бастама: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту»  аясында жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек көрсетілді, оның ішінде 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады делінген. Бұл дегеніміз, Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында қат, әрі талап етілетін мамандар пулын әзірлеу.

Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ маман даярлау ісіне ерекше көңіл бөлгені белгілі, «Тәуелсіздік дәуірі» еңбегінде «Мемлекеттің қаржылық жағдайы елеулі шығындарды ауырсынатынына қарамастан, мен елдің болашағын ойлай отырып, ең лайықты деген жас қазақстандықтарды әлемнің үздік университеттерінде оқытуға қажетті қаржы бөлуге пәрмен бердім» деп 1993 жылдың 5 қарашасында «Болашақ» халықаралық стипендиясын бекіткен болатын. Енді міне, тағы да өзгермелі әлемнің жағдайында болашаққа жастарды одан әрі бейімдеу мақсатында істі қолға алынды.

Аталған бағытты іске асыру адами капиталды дамытудың міндеттерімен ұштасады. Сондай-ақ келесідей ерекшеліктерді ескеру қажет:

  • Жаңа техникалық мамандықтарға басымдылық бере отырып, форсайт әдістері қолданып, әлемдік жетекші инновациялық құрылымдардың тәжірибесі негізінде «Болашақ мамандықтар атласын» әзірлеу. Осы орайда, орта білім беретін мекемелерде кәсіби бағдар ісін жаңа мазмұнға толтыратыны сөзсіз. Сондай-ақ, бұл іске мүмкіндігінше HR, рекрутинг және басқа да салалардың білікті мамандары ат салысқаны маңызды болмақ.
  • Білім беру мекемелері үздік оқытушыларының видеосабақтары мен видеолекцияларын Интернетте орналастыруда Khan Academy, Coursera, Udacity, MIT OpenCourseWare, Arzamas, HTML Academy және т.б. секілді ресурстарды білім беру ісінде кеңінен қолдану мәселелері, одан қалды осы бағытта қазақ тіліндегі контентті онлайн өзін-өзі ұдайы жетілдіру ресурстарын әзірлеу және дамыту. Бұл білім беру ісінде жаңа серпінмен қатар, оны демократияландыруға септігін тигізеді.

Президенттің бес әлеуметтік бастамалары аясындағы күрделі де ауқымды істерде мүмкіндігінше кеңінен сарапшылық ортаның, оның ішінде азаматтық қоғам институттарының қатысуы өзекті болады. «Ұстаздық еткен жалықпас», десек те, «көл көсір мұнай» дәуірінен «цифрлық дәуірге» аяқ басқан кезде, адами капиталдың қалыптасуында, оның ішінде өскелең ұрпақта заман талабына сай тәрбиелеуде, оқытуда білім беру қызметкерлері біліктіліктерінің мазмұнында сапалық өзгерістердің алатын орны маңызды.

Back to top